Уроки математики / Конспект урока / Алтын сақа" интеллектуалды ойын – сайысы

Алтын сақа" интеллектуалды ойын – сайысы

«№ 6 жалпы білім беру орта мектебі»

(интеллектуалды ойын – сайысы)

Өткізген: Тэжова Ш.Э.
Нурлыбаева Ш.

Уақыты: 27.10.2016ж

Тақырыбы: «Алтын сақа» (интеллектуалды ойын – сайысы)
Мақсаты:
Оқушыларды оқуға ынталандыру, білім деңгейін арттыру;
Оқушыларды алғырлыққа, шапшаңдыққа, көркем сөйлеуге баулу.
Әдісі: сұрақ – жауап, логикалық тапсырмалар
Көрнекілігі: Интербелсенді тақта, асықтар, үлестірмелі тапсырмалар.
Ойынның мазмұны:
Барысы:
Құрметті ұстаздар, сайысқа қатысатын оқушылар! Бүгін 2– сынып оқушылары арасында өткізгелі отырған «Алтын сақа» интелектуалды ойын – сайысын көріп тамашалайсыздар. Бұл сайысқа әрбір сыныптан өздерінің сыныптарының намысын топпен бірге көрсете алатын оқушылар қатысып отыр. Қатысушыларға сәттілік тілейік!
Асықтардың түстеріне қарай топқа бөлу.

Оқушыларымызға әділ баға беретін әділ - қазыларымызды таныстырып өтейік. 1._________________________________________________________________
2._________________________________________________________________
3._________________________________________________________________

Сайыс шартымен таныстыру.
«Алтын сақа» ойыны 4 кезеңнен тұрады.

  1. «Алшы» (тұрақты сөз тіркесінің мәнін ашу.)

  2. «Тәйке» - Тапқыр болсаң тауып көр. ( Логикалық есептер)

  3. «Шік» - Мәтін мазмұнына сай мақал – мәтел айту.

  4. «Бүк» - Сиқырлы ұяшықтар

  1. «Алшы» - Бұл кезеңде тұрақты сөз тіркестерінің мәнін ашу. Қол көтеріп жауап береміз.
    1. Арасынан қыл өтпейтін -Тату, дос 
    2. Ит арқасы қиянда, ит өлген жер - Алыс, қашық
    3. Жерге кіріп кете жаздау - Ұялу.
    4. Қой аузынан шөп алмас - Момын
    5. Төбесі көкке жеткендей – қуану
    6. Қуанышы қойнына сыймады (қуанды)
    7. Қолы қолына жұқпады (тез қимылдады) – 
    8. Саусағының ұшын қимылдатпады (қозғалмады, еш нәрсе істемеді)
    9. Ине шаншар жер жоқ – толық, тығыз

  2. «Тәйке» - Тапқыр болсаң тауып көр. ( Логикалық есептер)

  1. Даниярда қанша белгі болса, тағы да сонша белгі сыйлады. Енді барлығы 10 белгі болды. Әуелде Даниярда неше белгі болды? (5)

  2. Бір қорапқа 10 қызыл моншақ немесе 6 жасыл моншақ сияды. Қандай моншақтар ұсақ, қызылы ма, жасылы ма? (қызыл моншақтар ұсақ)

  3. Қайраттың екі ағасы мен бір апасы бар. Отбасында неше ұл, неше қыз бар? Ал барлық баланың саны қанша? (3 ұл, 1 қыз; 4 бала)

  4. Бүгін Анар нешеде болса, үш жылдан кейін Мәдинаға да сонша жас болады. екі қыздың қайсысы өлкен? (Анар үлкен)

  5. Балалар еңбек сабағында орындыққа 1 аяқ дайындады. Бұл 3 орындыққа жете ме? (жетеді)

  6. Үстел үстінде 3 қияр, 2 сәбіз және 5 апельсин тұрған. Үлтел үстінде барлық көкеністер қанша? (5)

  7. Қоянның үйінен құдыққа дейінгі жер 30 метр. Ол 1 шелек су әкелу үшін неше метр жерді жүріп өтуі керек? (60 метр)

  8. Жанболат Нұрболаттан үлкен, ал Нұрболат Бекболаттан үлкен. Үйдегі ең кішісі кім? (Бекболат)

  9. Аулада тауықтар мен иттер жүр. Бала олардың аяқтарын санағанда 10 аяқ болды. Аулады неше тауық пен неше ит жүр? (екі нұсқа болуы мүмкін) (1 тауық, 2 ит; 1 ит, 3 тауық)

  1. «Тәйке» - Мәтін мазмұнына сай мақал – мәтел айту. Мәтіннің мазмұнын мұқият тыңдап алып, мазмұнына сай мақал айту. Яғни, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасау керек.
    1 – топ: «Алты түлкі»
    Ертеде алты түлкі дос болыпты. Біреуінің құйрығы шолақ екен. Құйрығы ұзын бес түлкі :
    -«Сенің құйрығың жоқ» — деп келеке қылып, күле беріпті. Сол уақытта шолақ түлкі «осы бес түлкінің де құйрығын шолақ қылып қояйын» деп ойлап, бес түлкіге айтыпты.
    - «Біз бір жақсы ойын ойнайық» — деп түлкілерді алып келіп, қарағайға байлап қойып, өзі бір талдың басына шығып түлкілерге :
    - «Мына жақта бүркіттер келе жатыр» дейді де, өзі қаша жөнеледі. Сонда бес түлкі қашамын деп құйрықтарын үзіп, бәрі де шолақ болып қалады. Бесеуі бірдей шолақ болғаннан кейін мазақ етіп, күлмейтін болыпты. (Күлме досқа, келер басқа. Сиырға туған күн, бұзауға да туады.)
    2 – топ: «Атасы мен немересі»
    Ата қартайып, күші кеміді, нашар көретін, нашар еститін болды, ішкен тамағын алдына төгетін болды. Не үшін десеңіз, оның аяқ қолы кәріліктен қалтыраушы еді.
    Шалдың бұл ісі баласы мен келініне ұнамады. Олар шалға алдына жаман дастарқан жайып, тамақты жаман ыдысқа құйып, бөлек беретін болды.
    Немересі өзінің әкесіне атамды бөлек отырғызба деуге бата алмайды. Бір күні ол ағаш жонып отырады. Әкесі көріп; «Шырағым не істеп жатырсың?» -дейді. Сонда баласы; «Аяқ істеп жатырмын, шешем мен екеуің атам кұсап қартайғанда, сендерге тамақты осы аяққа құйып беремін»-дейді.
    Бұл сөзді естіп, шалдың баласы ұялып, әкесін бөлек отырғызып тамақ беруді қояды. (Әкеңе не қылсаң, алдыңа сол келер)
    3 – топ: «Шибұт, Қылмойын, Қарынбас.»
    Қарынбас, Қылмойын, Шибұт үшеуі жолдас екен. Бір күні бұлар бір тоқты ұрлап сойыпты. Тоқтыны бұзып,етін қазанға салайын деп жатады.Қарынбасқа жынын төгіп кел деп қарынды беріпті.
    Қарынбас қарынды тысқа алып шығады. Сол кезде қара шыбындар қарынға да, Қарынбастың басына да үймелепті. Басындағы шыбынды қағамын деп, Қарынбас басын ұрып алыпты. Жұмыртқадай жұқа бас жарылып, жан тапсырыпты.
    Қарынбас қалайша кешікті деп, Шибұт далаға шығады. Өліп жатқан Қарынбасты көре салып;
    Әй, Әттеген-ай!- деп екі қолымен санын салып қалады. Сол кезде ши бұты шырт етіп, ол да мүрдем кетіпті.Шибұттың даусын естіп,Қылмойын жүгіріп шығады. Өліп жатқан екі жолдасын көреді де;
    -Ойбай! Бауырым-ай!-деп дауыстай бергенде қыл кеңірдегі үзіліп кетіпті
    (Ұрлық-түбі қорлық)

  2. «Бүк» - Сиқырлы ұяшықтар

Ойынның шарты, ұяшықтарды таңдау арқылы, берілген тапсырмаларды орындау.

Математика пәні бойынша:

1. Тік төртбұрыштың ұзындығы 8 см, периметрі 22 см-ге тең. Тік төртбұрыштың ені қандай?(3см)

2. Екі сыныпта 63 оқушы бар. Біреуінде 32 оқушы. Келесі сыныпта неше оқушы бар? (31 оқушы)

3. х+5=13 теңдеудің мәнін тап. (8)

4. Арман мен Дәурен ақшаларын қосып 8 теңгеден 2 батон нан алды. Егер Дәуренде 9 теңге болса, Арманда қанша ақша болды? (7 теңге)

Қазақ тілі пәні бойынша:

1. Төртінші сөзін сөз құрамына талда. (төрт – түбір, і – жалғау, нші - жалғау)

2. Етістік нені білдіреді? Сұрақтары қалай? Мысал келтір. (Заттың қимылын, іс – әрекетін білдіретін сөздерді етістік дейміз. Не істеді? Не қылды? Қайтті? Мысалы: отырды, жазды, келді)

3. Айжан Алматыда тұрады. Сөйлемдегі сөздерге сұрақ қою арқылы сөздердің байланысын тап. (кім тұрады? – Айжан тұрады. Қайда тұрады? – Алматыда тұрады. Айжан Алматыда не істейді?- Айжан Алматыда тұрады.)
4. Кітап сөзіне дыбыстық талдау жаса. (5 әріп, 5 дыбыс, 2 дауысты дыбыс, 3 дауыссыз дыбыс, 2 буын бар. К-дауыссыз, қатаң; і-дауысты, жіңішке; т- дауыссыз, қатаң; а-дауысты, жуан; п-дпауыссыз, қатаң.)

Ана тілі бойынша:

1. Даңғой сөзінің мағынасын ашатын сөзді ата. (мақтаншақ, менмен, тәкәппар)

2. «Атай» өлеңінің авторы кім? (Әнуарбек Дүйсенбиев)

3. Зақпы дегеніміз не?(Рогатка(балалардың ойын құралы))

4. Мұзафар Әлімбаев кім?(Қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым.

Дүниетану бойынша:

1. Түсбағар дегеніміз не? (көкжиек тұстарын анықтайтын арнаулы құрал)

2. Жеміс ағашынан мол өнім алу үшін кімдер еңбек етеді? (бағбаншы)

3. Теңіз ортасында не бар? (ң әріпі)

4. Былғары неден жасалады? (мал терісінен)

Қорытынды: Сайыс соңында жеңіске жеткен топтарды мақтау қағазымен марапатталды. Осыменен жарысымыз аяталды. Келесі кездескенше аман сау болыңыздар!

«№ 6 жалпы білім беру орта мектебі»

( көркем жазу сайысы)

Өткізген: Орынбай А.
Шарипова Э.

Уақыты: 26.10.2016ж

"Көркем жазу - өнер" сайысы
Мақсаты: Оқушыларды сауатты, мәнерлі, көркем жазуға машықтандыру. Өнерге құштарлықтарын, эстетикалық талғамдарын, ұқыптылыққа, еңбексүйгіштікке баулиды.
Міндеттері:
- Жазу нақтылыққа баулиды;
- Жазу ойды жүйелейді;
- Жазу барысында көптеген идеялар туындайды;
- Бала мінезінің тұрақтылығын, ұстамдылығын қалыптастыра отырып, бастаған ісін аяқтай білу, өзіндік шығармашылығын дамытады.
Көрнекілігі: Интербелсенді тақта, шарлар
Түрі: сайыс
Қатысатын сыныптар: 3 - 4 сыныптар

Жүргізуші:
- Қош келдіңіздер, құрметті ұстаздар мен қонақтар, оқушылар! Сіздер "Көркем жазу - өнер" сайысын көруге келіп отырсыздар.
Жүргізуші:
Жарыстың бірінші кезеңінде оқушылардың математика, қазақ тілі дәптерлерінің жүргізілу деңгейі, тазалығы көркем жазуы арқылы оқушылар іріктеліп алынды.
Жүргізуші:
Бүгінгі күні сайысқа қатысушылар өздерінің қалай көркем жазатындарын көрермендер алдында дәлелдейді.
Жүргізуші:
Сайыскерлер өнерін салыстырып,
Бәйге үшін терлетер шабыстырып.
Әділдікті қолдайтын баға беріп,
Жіберейік әділқазыларды таныстырып.
Әділқазы алқаларымен таныстырады.
Сайыс 5 - бөлімнен тұрады. Әділқазылар критерийлер арқылы бағалайды.
1. Таныстыру. Байқауымыздың бұл бөлімінде сайыскерлеріміз өзін - өзі таныстырады.
«Таныстыру» бөлімінің критерийлері: (5 ұпай)
- өзін толық таныстыруы;
- шеберлігі;
- шығармашылығы.
2. «Суретті аяқтау, бояу». Бұл бөлімде сайыскерлер суретті аяқтап салып, бояйды.
«Суретті аяқтау, бояу» бөлімінің критерийлері: (5 ұпай)
- Суреттің симметриялығы;
- Бояуды дұрыс таңдай білуі;
- Жұмыстың ұқыптылығы.
3. «Сурет бойынша шағын әңгіме жазу»Бұл бөлімде сайыскерлер сурет бойынша әңгімеге ат қойып, шағын әңгіме жазады.
«Сурет бойынша шағын әңгіме жазу» бөлімінің критерийлері: (10 ұпай)
- тақырыптың суретке сәйкестігі;
- жоспарының болуы;
- әңгіменің жүйелігі;
- тақырыптың ашылуы;
- каллиграфия нормасын сақтай отырып жазуы.
4. «Мәтінді көшіріп жаз»«Домбыра» мәтіні көшіріліп жазылады.
«Мәтінді көшіріп жаз» бөлімінің критерийлері: (5 ұпай)
- сауаттылығы;
- әріп элементтерін дұрыс қосып жазуы;
- каллиграфия нормасын сақтай отырып жазуы;
- тазалығы.

5. «Үй тапсырмасы». Бұл бөлімде дайындап келген жұмыстары жайлы, қалай жасағанын айтып қорғайды.
«Үй тапсырмасы» бөлімінің критерийлері: (20 ұпай)
- Өмірмен байланысы;
- Баланың өз жұмысы;
- Ата - анасымен бірігіп орындаған жұмысы;
- Істеген жұмысына презентация жасау;
- Істеген жұмысының құндылығы.

Жүргізуші:
Сайысымыздың алғашқы бөлімі «Таныстыруға» кезек берейік.
Өнер қуып сайыскерлер өтер дейміз,
Бір басына өнері жетер дейміз.
Сайысқа түскендер кезектесіп,
Өздерін таныстырып өтер дейміз.

Жүргізуші:
Екінші бөлім «Суретті аяқтау, бояу». Бұл бөлімде сайыскерлер суретті аяқтап салып, бояйды. ( Тапсырмалар таратылады) Музыка ойналып тұрады.
Жүргізуші:
Келесі бөлім «Сурет бойынша шағын әңгіме жазу» Бұл бөлімде сайыскерлер сурет бойынша әңгімеге ат қойып, шағын әңгіме жазады. 15 минут уақыт беріледі.

Жүргізуші:
Төртінші бөлім «Мәтінді көшіріп жаз» «Домбыра» мәтіні көшіріліп жазылады.
Сергіту сәті өткізіледі.
Жүргізуші:
«Үй тапсырмасы». Бұл бөлімде дайындап келген жұмыстары жайлы, қалай жасағанын айтып қорғайды.
Жүргізуші:
«Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар» демекші бүгінгі сайысымызды таразылап әділ бағасын береді деген оймен келесі сөзді әділқазылар алқасына береміз.
Жеңімпаздарды марапаттау.

«№ 6 жалпы білім беру орта мектебі»

(мәнерлеп оқу сайысы)

Өткізген: Елмухаммедова Д.
Демешова А.

Уақыты: 28.10.2016ж

Тақырыбы: «Тәуелсіз ел – Қазақстан!» мәнерлеп оқу сайысы

Мақсаты: бастауыш сынып жасындағы үлгерімі төмен оқушыларды оқуға ынталандыру мақсатында баланың өлең оқуға қызығушылығын арттыру, тәуелсіздік туралы білімін кеңейту, сайыста белсенділігін таныту, отансүйгіштіккке тәрбиелеу.

Барысы:
— Қайырлы күн,қымбатты ұстаздар, құрметті оқушылар !

«Тәуелсіздікті құрметтей білейік!» атты  мектепішілік мәнерлеп оқу сайысын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!!!

 — «Тәуелсіздік шежіресі» атты видео көрсетіледі.

— 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Еліміз егемен, тәуелсіз мемлекет мәртебесін алып, қазақ халқының сан ғасырлар бойы аңсаған арманы іске асты. Бұл тәуелсіздік біздің халқымызға оңайшылықпен келген жоқ. Өзгені емес, өзімізді танудан қалып бара жатқан еліміз тәуелділік құрсауынан құтылды. Міне, бүгінде, болашақта Қазақстанның көк туын жеңіс тұғырынан көрсететін ұландарымыз өз елінің тәуелсіздігін мақтанышпен жыр шумақтары арқылы жеткізгелі отыр. Олай болса, сайыскерлерді ортаға шақырамыз!

(Ән: «Көк тудың желбірегені». Қатысатын оқушылар ән әуенімен қолдарына жалау ұстап сахнаға шығады.)

Бүгінгі 4 сынып оқушыларының мәнерлеп оқу сайысын бағалаушы  әділқазылар алқасымен таныстырып өтейін:

  1. __________________________________________________________

  2. __________________________________________________________

  3. __________________________________________________________

— Сайыскерлеріміздің мәнерлеп жатқа оқу шеберлігі, таңдаған шығармасының тақырыпқа сәйкестігі, мазмұны мен көлемі ескерілетінін қаперлеріңізге береміз. Ал, енді сайысымызды бастаймыз.

Әділ қазылар алқасы, сіздерден әділ төрелік күтеміз.

(Сайыскерлер мәнерлеп өлеңдерін оқиды.)

 

  • Қатысушыларымыз өз елі, өз жері, өз отаны туралы өлеңдерді оқуда өз шеберліктерін көрсетті деген ойдамыз.

Тәуелсіздік күні қарсаңында баршаңызды қазақ жеріндегі  бейбітшілік пен тыныштықтың белгісі болып отырған осы айрықша мерекемен, сондай-ақ күні кеше ғана тойланған ҚР тұңғыш президенті күнімен құттықтаймыз.

Мәнерлеп оқу сайысының қорытындысымен таныстыру үшін сөз кезегі әділқазы алқасына беріледі.

(Сайыс қорытындыланып, қатысқан оқушылар марапатталады.)

Құрметті оқушылар! Тәуелсіздіктің тірегі, елдің тілегі —  сіздерсіздер! Тәуелсіздігімізді құрметтей білейік!

- Осымен бүгінгі кешіміз аяқталды. Қатысушыларға, көрермендерге алғыс айтамыз.

Автор
Дата добавления 22.02.2017
Раздел Начальная
Подраздел Конспект урока
Просмотров888
Номер материала 2933
Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.